Меню

«АЛТЫН ЖҮРЕКТІ» КІМ АЛАДЫ?

«Алтын жүрек» – азаматтық ар-намысы жетегінде, қоғамдағы түйіні шешілмей жүрген қоғамдық, әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарай алмайтын, мұқтаж жандардың қамына алаңдаушылық білдіріп жаны ашитын, тағдырдың тәлкегінен қолы қысқарып отырғандарға қайырымдылық жасап жүрген азаматтар үшін құрылған сыйлық. Осы жеті жыл аралығының өзінде құр қалмай, игі істер жасауға асыққан алтын жүректі ағайындарымыз да аз болмады. Бірі көмекке зәру мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балаларға, ардагерлер қауымына қолдан келген көмегін тигізсе, енді бірінің білім, спорт, денсаулық салаларын дамытуға қосқан үлестері зор. Сол себепті, «Алтын жүрек» сыйлығын ұйымдастыру алқасының төрайымы Жұлдыз Омарбекованың айтуынша, осындай қайырымды іс жасап жүрген ақ ниетті азаматтарды мақтан тұту керек, «Алтын жүрек» сыйлығымен марапаттай отырып, жомарттықпен жасаған игіліктерін көпшілік алдында үлгі ету қажет, кімде-кім мұндай жандарды білетін болса, үнсіз қалмасын, халық оларды білуі тиіс. Биыл да қайырымды жандар «Алтын жүректің»: «Мүгедек жандарға, жетім балаларға, ардагерлерге көрсеткен көмегі, қамқорлығы үшін» «Білім, спорт, денсаулық салаларын дамытып, қолдау көрсеткені үшін», «Жыл қайырымгері», «Жыл ұйымы», «Ақпараттық қолдаушы», «Жыл меценаты», «Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін» деген әртүрлі 11 аталымына ие болмақ. Өтініштерді қабылдау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, қазірдің өзінде қабылданған өтініштердің саны өткен жылдармен салыстырғанда көңіл қуантарлықтай. Ол дегеніміз, жыл сайын ақ ниетті «Атымтай жомарттардың» қатары ұлғайып келе жатқандығының көрсеткіші. «Алтын жүрек» лауреаттарын таңдау мәртебесі бұйырып, сарапшы қатарында болған Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтар одағы» ЗТҚ-ның төрайымы Зулфия Байсакова: «Мен үшін ең қиыны, қаншама қайырымды жандардың ішінен «Алтын жүрек» адамды таңдап алу. Өйткені жақсылықтың үлкен кішісі жоқ демекші, әрқайсысының да жасаған игі істері өз алдына бір төбе, қайырымды істері тәнті боламыз. Сондықтан біз көбіне жүрекпен таңдауға тырысамыз»-дейді. Жалпы ереже бойынша, «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаттарын анықтау үшін қатысушылардың өтініштерін қабылдап, егжей-тегжейлі тексеріп, құжаттардың шынайылығына көз жеткізетін арнайы ұйымдастыру алқасы тағайындалады. Ескеретін жайт, қатысушылар өз кандидатураларын ұсына алмайды. Құжаттар мұқият тексерілген соң, қазылар алқасы ағымдағы жылда қайырымдылық саласына және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға барынша үлес қосқан номинанттар қазан айының 27- жұлдызында жеңімпаз аталмақ. Сыйлық жайлы қосымша ақпаратты www.altynzhurek.kz сайтынан немесе +7 727 315 15 11 байланыс телефоны арқылы білуге болады.